Мәзірді көрсету Іздестіру
БАҚ біз туралы
Қазақстан Республикасының инвестициялар және даму министрлігі
Сенім телефоны
+7 7172 754-547
Тегін қоңырау

You are here

Комитет туралы ереже

"Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті" мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің м.а. 2014 жылғы 16 қазандағы № 69 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2014 жылы 24 қазанда № 9830 тіркелді

Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Қазақстан Республикасы орталық атқарушы органдарының ведомстволары туралы» 2014 жылғы 14 тамыздағы № 933 және «Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің кейбір мәселелері» 2014 жылғы 19 қыркүйектегі № 995 қаулыларына сәйкес БҰЙЫРАМЫН :

1. Қоса беріліп отырған «Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті» мемлекеттік мекемесінің ережесі бекітілсін.

2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті (М.Қ. Пішембаев) заңнамамен белгіленген тәртіппен:

1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін, күнтізбелік он күн ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жолдауға;

3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;

4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін 10 жүмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шараларды орындау туралы мәліметтерді ұсынуды камтамасыз етсін.

3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылауды өзіме қалдырамын.

4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Министрдің міндетін атқарушы                      Ж. Қасымбек

  Қазақстан Республикасы

Инвестициялар және даму министрінің

 міндетін атқарушысының

 2014 жылғы 16 қазандағы

 № 69 бұйрығымен

 бекітілген

«Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлiгiнiң

Автомобиль жолдары комитетi» мемлекеттік мекемесінің

ережесі

1. Жалпы ережелер

1. «Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінiң Автомобиль жолдары комитетi» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрi - Комитет) Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлiгiнің (бұдан әрі – Министрлік) реттеу, іске асыру және бақылау функцияларын жүзеге асыратын, сондай-ақ автомобиль жолдары саласындағы Министрліктің стратегиялық функцияларын орындауға қатысатын ведомствосы болып табылады.

2. Комитет өз қызметiнде Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентiнің және Үкiметiнiң актілерін, өзге де нормативтiк құқықтық актілерді, осы Ережені басшылыққа алады.

3. Комитет мемлекеттiк мекеменiң ұйымдастырушылық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, оқшауланған мүлкi, өз атауы мемлекеттiк тiлде жазылған мөрi мен мөртабандары, белгiленген үлгiдегi бланкiлерi, сондай-ақ заңнамаға сәйкес қазынашылық органдарында және банктерде шоттары болады.

4. Комитет өз атынан азаматтық-құқықтық қатынастарға түседi.

5. Комитет өз құзыретiне кiретiн мәселелер бойынша заңнамада белгiленген тәртiппен бұйрықтар түрінде ресімделетін шешімдер қабылдайды.

6. Комитеттiң құрылымын және штат санын Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің келісімі бойынша Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің жауапты хатшысы бекiтедi.

7. Комитеттiң толық атауы – «Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитетi» республикалық мемлекеттiк мекемесі.

8. Комитеттiң орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, 010000, Астана қаласы, Есіл ауданы, Қабанбай батыр даңғылы, 32/1, «Транспорт тауэр» ғимараты.

9. Осы Ереже Комитеттiң құрылтай құжаты болып табылады.

10. Комитеттiң қызметiн қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.

11. Комитетке кәсiпкерлiк субъектiлермен Комитеттiң функциялары болып табылатын мiндеттердi орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге жол берілмейді.

Егер Комитетке кіріс әкелетiн қызметтi жүзеге асыруға Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен құқық берiлген болса, онда осындай қызметтен түскен кіріс республикалық бюджеттiң пайдасына жiберiледi.

2. Миссиясы, негізгі міндеттері,функциялары, құқықтары мен міндеттері

12. Миссиясы: жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарын дамытудағы мемлекеттік саясатты қалыптастыруға қатысу.

13. Міндеті: автомобиль жолдары және жол қызметі саласында бірыңғай мемлекеттік және ғылыми-техникалық саясатты әзірлеуге және іске асыруға қатысу.

Функциялары:

1) өз құзыреті шегінде мемлекеттiк саясаттың iске асырылуын қамтамасыз ету;

2) өз құзыретi шегiнде халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру;

3) өз құзыретi шегiнде техникалық регламенттер мен ұлттық стандарттарды әзірлеу және келісу;

4) жол саласындағы инвестициялық және әлеуметтік саясаттың іске асырылуын жүзеге асыру;

5) өз құзыреті шегінде мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуын қамтамасыз ету.

14. Міндеті: автомобиль жолдары және жол қызметі саласын үйлестіру және бақылау.

Функциялары:

1) жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарының мемлекеттік есепке алынуын жүзеге асыру;

2) облыстық маңызы бар жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарының атаулары мен индекстерін келісу;

3) облыстық маңызы бар жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарының тізбесін келісу;

4) мемлекеттік тапсырманы орындау шеңберінде Ұлттық операторды қаржыландыру;

5) сапаға сараптама жүргізу жөніндегі заңды тұлғалардың автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, жөндеу және ұстау кезінде жұмыстар мен материалдардың сапасына сараптама жүргізуін ұйымдастыру;

6) автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, жөндеу және ұстау кезінде талап етілетін сапаны, жобалау саласында қабылданған нормалар мен стандарттарды сақтауды қамтамасыз ету;

7) ақылы автомобиль жолдарын құру мен пайдалануды бақылауды жүзеге асыру;

8) халықаралық және республикалық маңызы бар жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарына бөлінген белдеудің жол органдары немесе концессионер пайдаланбайтын жер учаскелерін жолдың көліктік-пайдаланылу сапасының төмендеуіне жол бермеу, көлік құралдары жүрісінің қауіпсіздігі мен қоршаған ортаны қорғау талаптарын сақтау шартымен сыртқы (көрнекі) жарнаманы орналастыру үшін жеке және заңды тұлғаларға уақытша қысқа мерзімді жер пайдалануға беру;

9) автомобиль жолдарын пайдалану ережелерінің сақталуын бақылауды жүзеге асыру;

10) халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында жол қызметін басқару;

11) халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында жол жүрісін реттеудің техникалық құралдарын салу, қайта жаңарту, жөндеу, енгізу және күтіп-ұстау жөніндегі жұмыстардың орындалуын қамтамасыз ету.

15. Комитет Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілерінде көзделген өзге функцияларды жүзеге асырады.

16. Комитеттің құқықтары мен міндеттері:

Комитет:

1) өз құзыреті шегінде бұйрықтарды шығарады;

2) заңнамада белгіленген тәртіппен Министрліктің құрылымдық бөлімшелерінен, мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, олардың лауазымды адамдардан қажетті ақпаратты және мәліметтерді сұратады және алады;

3) Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру бойынша ұсыныстарды енгізеді;

4) Комитеттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша кеңестер, семинарлар, конференциялар, дөңгелек үстелдер, конкурстар және өзге іс-шаралар өткізеді;

5) қызметтің жетекшілік бағыттары бойынша консультациялық-кеңесші органдар (жұмыс топтары, комиссиялар, кеңестер) құру жөнінде ұсыныстарды енгізеді;

6) өз құзыретіне жататын мәселелер бойынша сараптамаларға қатысу үшін тиісті мамандарды тартады;

7) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген өзге де құқықтарын жүзеге асыруға құқылы.

Комитеттің міндеттеріне мыналар:

1) Комитетке жүктелген міндеттер мен функциялардың іске асырылуын қамтамасыз ету;

2) Қазақстан Республикасының заңнамасын, жеке және заңды тұлғалардың заңмен қорғалатын құқықтары мен мүдделерін сақтау;

3) Комитеттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша түсініктемелер дайындау;

4) Министрліктің құрылымдық бөлімшелері және мемлекеттік органдардың ресми сұрау салуы бойынша қажетті материалдар мен анықтамаларды өз құзыреті және заңнама шегінде ұсыну;

5) Комитеттің балансында тұрған мемлекеттік меншікті сақтауды қамтамасыз ету;

6) қолданыстағы заңнамаға сәйкес бухгалтерлік есепті жүргізу;

7) бухгалтерлік және қаржы есептілігін жасауға және Министрлікке ұсыну;

8) Комитеттің персоналды басқарудың тұтас жүйесін қалыптастыру;

9) Комитетке бөлінген бюджеттік қаражаттарды толық, уақтылы және тиімді пайдалануды қамтамасыз ету;

10) мемлекеттік сатып алу саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік сатып алу рәсімдерін ұйымдастыру жатады.

3. Комитет қызметін ұйымдастыру

17. Комитеттi Министрліктің Жауапты хатшысының бұйрығымен қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын төраға басқарады.

18. Төрағаның Министрліктің Жауапты хатшысының бұйрығымен қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасарлары болады.

19. Комитет төрағасы Министрліктің басшылығына Комитеттiң құрылымы және штат кестесі бойынша ұсыныстар береді.

20. Комитет төрағасы Комитеттің қызметіне жалпы басшылық жасауды жүзеге асырады және Комитетке жүктелген мiндеттердiң орындалуы мен өз функцияларының жүзеге асырылуы үшiн жеке жауапты болады.

21. Осы мақсатта Комитет төрағасы:

1) өз орынбасарларының, Комитеттің құрылымдық бөлімшелері басшыларының және қызметкерлерінің мiндеттерi мен өкiлеттiктерiн анықтайды;

2) өз құзыреті шегінде бұйрықтар шығарады;

3) Комитет қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

4) Комитет қызметкерлерін іс-сапарға жіберу, еңбек демалысын беру, материалдық көмек көрсету, дайындау (қайта даярлау), біліктілігін арттыру, көтермелеу, үстеме және сыйақы төлеу, сондай-ақ тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселелерін шешеді;

5) мемлекеттiк органдардың және өзге де ұйымдардың алдында Комитеттiң мүддесін қорғайды;

6) Комитеттің құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерді бекітеді.

7) республикалық бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуына жеке жауапты болады;

8) өз құзыретіне жататын мәселелер бойынша шешімдер қабылдайды;

9) Комитет төрағасы болмаған кезеңде оның өкілеттілігін орындауды оның орнын басатын тұлға жүзеге асырады.

22. Комитет төрағасының орынбасары:

1) өз құзыреті шегінде Комитеттің құрылымдық бөлімшелерінің қызметін үйлестіреді;

2) оған Комитет төрағасымен жүктелген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

4. Комитеттiң мүлкi

23. Комитеттiң жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкi болады.

Комитеттiң мүлкi оған мемлекет берген мүлiк есебiнен қалыптасады, сондай-ақ құны Комитеттiң теңгерiмiнде көрсетiлетiн өзге де мүлiктен тұрады.

24. Комитетке бекiтiлiп берiлген мүлiк республикалық меншiкке жатады.

25. Егер Қазақстан Республикасының заңдарымен өзгеше белгіленбесе өзiне бекiтiлiп берiлген мүлiктi өздігімен иелiктен шығармайды немесе өзге де тәсiлмен иелiк етпейді.

5. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату

26. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Жарияланған: 03.10.2014
Жаңартылған: 31.08.2016
© 2017

Қазақстан Республикасының инвестициялар және даму министрлігі

Автомобиль жолдары комитеті